«Сұңқар» халыаралық шаңғы трамплиндерінің кешені 2010 жылы қыркүйек айында ашылды. Нысанның ашылуына орай Құрлықаралық кубок жарысын өткiзген едік. Елiмiзде 2011 жылы ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарының қарсаңында ашылған бұл кешенде, осы күнге дейін әлемдiк дең¬гейдегi iрi 7 жарыс өтті. Жалпы спорттық кешен барлық халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Яғни, К-125 және К-95 трамплиндерінде кез келген деңгейдегi iрi сайыстарды ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ, 2013 жылдың мамыр айында ашылған 60, 40, 20 метрлік тұғырлар спортшыларымыздың жаттығу жұмыстарын жүргізулеріне де, болашақ чемпиондарымызды тәрбиелеуге де өте ыңғайлы.

«Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені 2010 жылдың 20 қыркүйегінде ашылғанымен, оның тарихы тереңде жатқанын көп адам біле бермейді. Еліміздегі трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қоссайысы спортының тарихы «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің өткенімен астасатыны анық.

1956 жылы нұсқаушы, сол кездегі денешынықтыру институның мұғалімі – Эдуард Чупровтың бастамасымен 55 метрлік трамплин қалпына келтіріліп, кейін дәл бір жыл өткен соң, онда елімізде тұңғыш трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қоссайысы спорт түрлері бойынша Республикалық жарыс өткізілді. Ал алғашқы халықаралық сайыс 9 Кеңес одағы елдерінің арасында 1959 жылы өтті.

Жуырда кешенде 60, 40, 20 метрлік тұғырлардың құрылысы аяқталды. Енді мұнда болашақ чемпиондарымыз, яғни, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері де келіп, оқу жаттығу жұмыстарын жүргізуде. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде Құрылықаралық кубок, Шаңғымен секіруден жазғы кезеңінің сайыстары сынды жарыстар өткізу еліміздің имджі үшін және спорттың осы түрін дамыту үшін өте пайдалы. Сондықтан, біз спортшыларымыздың тек биік белестерді бағындыруына шын жүректен тілектеспіз.

«Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің директоры
Қаңтарбаев Руслан Әкімжанұлы